Аудандық білім бөлімі

 

Үкімет қаулысымен 1944 жылы Қызылқоға ауданы қайта құрылғанда аудандық оқу бөлімінің алғашқы меңгерушісі болып өңірге танымал ұстаз Мерғалиев Есен тағайындалды.

 

Ол кездегі жағдай өте ауыр болатын. Аудан орталығы-Қарабау селосы бір шетте болса, Сағыз бойындағы мектептер ауданның шығысында екінші шетте, бөлім қызметкерлері мектептерді аралағанда іссапарға салт атпен айлап- апталап кетуші еді.

 

Оқулықтар,оқу-жазу құралдары жетіспеді. Аудандағы жалғыз орта мектеп Қаракөл орта мектебінің ғана едені тақтайланған. Өзге жеті жылдық және бастауыш мектептер ішкі саз балшықтан сыланған, пешпен жылытатын үйлерде болды. Жарық көзі-керосин шамы болатын. Жер астынан қазып салынған Мұқыр мектебі жер бетіне 1952-1953 оқу жылы ғана шықты.

 

Қызылқоға селосындағы бастауыш мектепті бітірген оқушылар 6-7  шақырым жердегі аудан орталығындағы Қарабау жетіжылдық мектебіне қатынап оқитын. Тасшағыл селосының жоғарғы класс оқушылары 13 шақырым жердегі Қаракөл орта мектебіне келіп оқып жүрді. Халық ағарту қызметкерлері осындай қиын жағдайларда жұмыс жасап, жас ұрпаққа тәлім тәрбие беруде аянбай еңбек етті.

 

1946 жылы аудандық оқу бөлімін Төреханов Мұхаддес, 1948 жылдан бастап Асанғалиев Демеу, 1953 жылдан Дәулетияров Жұмағали, 1956 жылдан Өтеген Шамиль басқарды. Д.Асанғалиев, Ж.Дәулетияров, Ш.Өтегенов Ұлы Отан соғысының ардагерлері болатын.

 

Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып мен 1963-1967 жылдар аралығында жұмыс жасадым.

 

Ол жылдары жалпыға бірдей орта білім беруге көшу, бұл үшін, ең алдымен, мектептердің оқу-материалдық базасын нығайту, қажетті мұғалім кадрларымен қамтамасыз етілуі мен мектеп жасындағы балаларды толықтай оқуға тарту басты назарда болды.

 

«Қайта құру» кезеңінің әлегі халық ағарту саласын да айналып өткен жоқ. 1963 жылдан бастап біздің Гурьев (Атырау) таза ауыл шаруашылықты облыс болып қалды. Өнеркәсіп орындары түгелдей Ақтөбе облысының қарамағына өтіп, Қызылқоғадан шалғай жатқа Ембі (қазіргі Жылыой) ауданының барлық кеңшарлары «Коммунизм таңы», «Қазақстан», «Ембі», кейін Опарная бекеті маңынан құрылған «Қарақұм» кеңшары, ондағы мәдени-ағарту, денсаулық сақтау мекемелері мен мектептер Қызылқоға ауданының қарамағына берілді. Жер шалғайлығына қоса телефон байланысының нашарлығы жұмысты күрделендірді.

 

Алпысыншы жылдары типтік жобамен мектеп үйлерін салу қолға алына бастады. Аудан мектептері түгелге жуық орталықтандырылған (бумен, сумен) жылыту жүйелеріне көшірілді.

 

Ол жылдары Республикамызда «Екібастұздықтардың бастамасы» деген атпен белгілі болған бала тәрбиесіндегі мектептің, ата-аналардың және қоғамдық ұйымдардың бірлесіп жұмыс жасауы кең қанат жайды. 1964 жылы шілде айында Павладар облысының Екібастұз қаласында халық-ағарту қызметкерлерінің республикалық ғылыми практикалық конференциясы өткізіліп, онда мектептердің қоғамдық ұйымдармен байланысындағы үйлесімді жұмысы, бұл қозғалыстың алғашқы оң нәтижелері, қорытындылары: Болашақ жұмыс бағдарламасы ұсынылды.

 

Еске алып отырған жылдары көркем өнерпаздардың, бейнелеу өнерінің аудандық байқауларын, оқушылардың аудандық спартакиадаларын өткізу дағдыға айналды. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда бірқатар тың жұмыстар жасалды. Оқушылардың жазғы каникулы кезінде мектептер жанынан демалыс лагерьлері ұйымдастырылды. «Қазбек» тоғайында ашылған «Қазбек» пионер лагері маусым, шілде,тамыз айларында үш дүркін оқушыларды қабылдап, бірнеше жыл бойы малшы-механизатор балаларының жазғы демалысын көңілді өткізуге, денсаулықтарын жақсартуға жағдай жасалды.

 

Қызылқоға өңірінде халық ағарту саласына өлшеусіз үлес қосқан аға ұрпақ- Науанов Аяпберген, Махамбетов Ғабдолла, Аслялиев Аманғали, Досов Ізім, Ербатыров Жолдығали, Байсеуов Тәжмағанбет, Құрманғазиев Масат істерін жалғастырған Мұхамбетжанов Жортабай, Жайылғанов Көбен, Қонаров Арықбай, Шоманова Зәру, Қарағожина Салиха, Тайбағарова Ақлима, Құрмашева Дәмен, Рахметов Аким, Дүзелбаев Жұмабай, Байжанов Әйтіш т.б болды.

 

Қай кезеңде де мұғалімдер қауымы жергілікті партия совет  органдарының жұмыстарына араласып, Орахов Хамит, Қалиева Жақұт, Үсенов Сауғабай, Қуатов Салық, Бахонов Кенжетай, Иманалиев Шабаз, Құрманғазиев Марат, Бисенов Әбдеш, Сәлімгереев Әділше т.б қоғамдық-саяси белсенділіктерімен көзге түсті.

 

Аудандық оқу бөлімін әр жылдары Бермағанбетов Темір, Ноғайбаев Шанықұл, Шомажанов Қайырлы т.б халық ағарту ісінің танымал ұйымдастырушылары басқарды, әрқайсысы өз кезеңінің проблемаларын шешуде аянбай еңбек етіп, жұртшылық ықыласына бөленді.

 

Шәкірттер арасынан шаруашылық басшылары, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, өнер адамдары шықты. Ғылым мен техниканың қарқынды дамып, оқыту процесінің жаппай компьютерлендірілуі, ақпараттандырылу, қашықтықтан оқыту технологиясына көшу жағдайында бүгінгі шәкірттердің қол жеткізген табыстары, алған асулары қуантады.

 

70 жылдық тарихы бар ауданның қалыптасып, оның экономикасы, мәдениеті, әлеуметтік жағдайының жақсаруына сүбелі үлес қосқан білім бөлімі қызметкерлері болашақта да абырой биігінен көріне бермек.