18 қараша 2021 жылы Мұқыр орта мектеп базасында «Орта білім беру ұйымдарында электронды кітапхана құру технологиясы» тақырыбында аудандық семинар өтті. Мақсаты: Мектеп кітапханасының жұмысын жаңаша қарау және шығармашылық  деңгейін дамыту, заманауи жаңаша бағыттарын ұйымдастыру.

 Семинарды мектеп директоры Венера Мырзағалиева мен әдіскер Күнсұлу Бисенбаева сөз сөйлеп ашып берді. Семинар жоспарына сай Мұқыр орта мектебі кітапханашысы Тоғызбаева Нұржамал мектеп кітапханасына биылғы оқу жылы келген көркем әдебиеттермен таныстырып, слайдты көрсетілім жасады. №9 орта мектеп кітапхана меңгерушісі Мырзашева Бақтыгүл  «Оқу мәдениетін дамыту бағытындағы жұмыс тәжірибемнен» тақырыбында әдеби ойын ойнатты. Ал Б.Аманшин атындағы орта мектеп кітапханашысы Хасанова Мария «Оқырмандарға қызмет көрсетуді ұйымдастыру әдістерін жүргізу тәжірибемнен» тақырыбында «Find a book» кітапты тап интеллектуалды ойынымен бөлісті. «Оқуға құштар мектеп жобасын ұйымдастыруда мектеп кітапханасының рөлі» тақырыбында Қарабау орта мектеп кітапханашысы Жаниева Бибігүл тренинг өткізді.

   Кітапханашылар семинар бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын айтып, семинарды қорытындылады. Өз тәжірибелерімен бөлісіп, хабарлама дайындаған кітапханашыларға аудандық әдістмелік бөлімнің атынан алғыс хат табысталды.