Мектеп кітапханасындағы кітап оқуды насихаттауға бағытталған жаңа әдіс- тәсілдер

Қызылқоға ауданы білім бөлімінің Әдістемелік орталығының жұмыс жоспарына сай 26—сәуір күні Х. Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің базасында аудандық әдістемелік орталығының кітапхана әдіскері К. Бисенбаеваның ұйымдастыруымен «Мектеп кітапханасындағы кітап оқуды насихаттауға бағытталған жаңа әдіс- тәсілдері»  тақырыбында аудандық мектеп кітапханашылары арасында тәжірибелік семинар өтті.
Мақсаты: мектеп кітапханасының жұмысын жетілдіру және шығармашылық деңгейін дамыту, заманауи бағыттарын ұйымдастыру. Семинарды мектеп директоры Г. Сары мен әдіскер К. Бисенбаева сөз сөйлеп ашып берді. Одан кейін Х. Досмұхамедұлы атындағы орта мектеп кітапхана меңгерушісі Райгүл Молдағалиева «Бір ел — бір кітап» аясында А. Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай «Ұлағатты ұлы ұстаз» атты кітап көрмесімен таныстырды. Көрмеге ақынның еңбектері, арнайы жасалған буклеттер, кітапшалар,суреттері қойылған.«Кітап оқуды насихаттаудың заманауи әдістері» тақырыбында Ш. Т. Еркінов атындағы орта мектеп кітапханашысы Аякөз Жоламанова көпшілік іс-шараларды өткізу кезінде қолданылатын жаңаша әдістерді айта отырып, өзінің өткізген жұмыстарымен слайдты көрсетілім арқылы бөлісті. Ғ. Сланов атындағы орта мектеп кітапханашысы Сәнімгүл Қойшыбаева оқырмандармен жұмыс жүргізудегі жаңаша әдіс-тәсілдердің тиімділігін айта отырып, видеоролик түрінде ұсынды. Тасшағыл орта мектеп кітапханашысы Ләйла Жұмабаева мектеп кітапханасында онлайн қосымшаларды пайдаланудың тиімді әдістерімен бөлісе отырып, А.Байтұрсыновқа арналған «Ұлттың ұлы ұстазы» тақырыбында bookcreator қосымшасы арқылы жасаған жұмысымен таныстырды. Мұқыр орта мектеп кітапханашысы Нұржамал Тоғызбаева «Оқуға құштар баланы тәрбиелеудегі көркем әдебиеттің рөлі» тақырыбында слайдты көрсетілім арқылы өзінің өткізген көпшілік жұмыстарын көрсетіп, тақырыптың маңызын аша білді. Қарабау орта мектеп кітапханашысы Бибігүл Жаниева «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асырудағы іс-тәжірибесімен бөлісіп, бірнеше әдіс-тәсілдерді қолдана отырып ұйымдастырылған көпшілік жұмыстарын слайд арқылы көрсетті. Семинарға қатысушы кітапханашылар арасында қызықты bookbingo ойынын өткізді. Семинарды қорытындылау барысында кітапханашылар сөз сөйлеп, семинардан алған әсерлерімен бөлісіп кері байланыс орнатылды. Әдіскер К. Бисенбаева семинарда тәжірибе алмасу бағытында жақсы жұмыстарын  көрсете білген  кітапханашыларды әдістемелік орталық меңгерушісінің арнайы алғыс хатымен марапаттады.